Мектеп директорының 2021-2022 оқу жылының есебі бойынша баяндамасы
Мектеп директорының 2021-2022 оқу жылының есебі бойынша баяндамасы
Жамбыл облысы Жуалы ауданы №14 Бейімбет Майлин атындағы орта мектебінің директоры С. Жайықбаев қамқоршылық кеңес және ата-аналар комитеті алдындағы
2021-2022 оқу жылының есебі бойынша баяндамасы
№14 Бейімбет Майлин атындағы орта мектебінде 150 оқушы білім алуда. Сынып комплектісі - 11. Сыныптардың орта сыйымдылығы -20.
Педагогикалық ұжым өз жұмысын оқу-тәрбие үдерісінің деңгейін көтеру бойынша жалғастыруда. 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп оқушыларының білім сапасы 71%, үлгерімі 100 %. 2 оқушы Серғазы Д, Алтыбай Ж. Үздік аттестат алды.
Мектеп ұжымында 35 педагог. Педагог-шебер -2, педагог-зерттеуші – 14, педагог-сарапшы – 6, педагог-модератор – 3, І санатты - 1, ІІ санатты - 3, санаты жоқ - 5.
2021-2022 оқу жылы мектебімізде 5 педагог біліктілік курстарынан өтті. Инклюзивті оқыту бойынша 8 мұғалім сертификатталған.
Педагогтардың әдістемелік шеберлігін арттыру мақсатында мектеп ішінде түрлі коучингтер, оқыту семинарлары, әдістемелік айлықтар, мектепішілік курстар өткізіледі. Мұғалімдер аудандық, облыстық, республикалық деңгейде педагогикалық тәжірибелерін таратады, зерттеу
жұмысы мен авторлық бағдарлама, әдістемелік нұсқаулықтар жазумен айналысады. Жиі аудандық семинарлар өткізіледі.
Мектеп ұжымы әкімшілік басшылығымен жалпы мектептің жоспарын, дамыту жоспарын жүзеге асырып жатыр. Ұжымның мақсаты: бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, әлеуметтік тұрғыда қалыптасқан, функционалды сауаттылығы жоғары оқушыны тәрбиелеу.
Мектептегі барлық жүргізіліп отыратын іс-шаралар ата-аналар қоғамдастығының қатысуымен өткізіледі: жоғары деңгейде безендірілген, мазмұнды іс-шаралар оқушылардың мектеп өмірі қызықты, жарқын болуына ықпал етеді.
Жыл бойы атқарылған жұмыстар аз емес: ата-ана, мектеп түлектерінің көмегімен «Адал ұрпақ» клубы құрылды, жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған облыстық шығармалар байқауында жүлделі орын алды, үнемі мектепте тілдер күніне арналған іс-шаралар, спорттық байқаулар, өрт қауіпсіздігі бойынша іс-шаралар, адамгершілік, эстетикалық, патриоттық қасиеттерін дамыту тәрбиелік шаралар өткізіліп тұрады. Күзде «Жас ұлан» тобы облыстық байқауға қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Түрлі олимпиадалар мен байқауларға қатысатын оқушыларды ынталандыру, ішкі уәжін көтеру жұмыстары жүргізіліп отырады. Жеңімпаздарды марапаттау үшін салтанатты жиынға қамқоршылық кеңестің мүшелері шақырылады. Мектептің қоғамдық жұмысына белсене қатысып жүрген ата-аналарға алғысымыз шексіз. Мектептің материалдық базасын дамыту жұмыстары жалғасын табуда. Мектепте компьютер саны - 22, оқушыларға шаққанда 1 компьютерге 4 оқушы. Бейнекамера саны - 27
Қамқоршылық кеңестің көмегімен мектеп сыртындағы дәретхананы жарықтандыру мәселесі шешілді. (қамқоршылық кеңесінің төрайымы Асанова М алғыс білдіреміз) Мектеп әкімшілігі оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, тәрбиелік деңгейін көтеру, бос уақыттарын тиімді өткізу үшін оқушыларды түрлі байқауларға, интеллектуалды сайыстарға қатыстыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Сабақтар арасындағы үлкен үзілістерде оқушылардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу үшін дәлізде шахмат ойнау орындары орналастырылған және «Әдебиеттік оқу минуттары» жүргізіледі. Мектепте түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жүргізіледі. Мектебімізге аудандық Өнер мектебінен «би үйірмесі» және «домбыра үйірмесіне оқушылар қамтылған 5-7 сынып арасындағы оқушылар қатысады.
Мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжымның алға қойған мақсаты мен жоспары көп. Оқушылардың білім сапасын арттыру, тәрбие деңгейін көтеру.
Қорыта келе, ата-аналар қоғамдастығымен ынтымақтастықта жұмыс атқара отырып, жоғарыда қозғалған мәселелерді шешіп, көзделген мақсатымызға жетеміз.